2019 ЖЫЛ, 14-20 ҚЫРКҮЙЕК
I Almaty Film Festival аясындағы «Made In Almaty» сценарийлер байқауы жеңімпазының жобасы

Әділхан Ержановтың  «Қап-қара адам » (жұмыс атауы «Қуандық») фильмі былтырғы Almaty Film Festival аясындағы сценарийлер байқауында жеңімпаз деп танылды, нәтижесінде Astana Film Fund компаниясы оны жасап шығарды.

Фильмнің бас продюсерлері: Ақан Сатаев пен Эрнар Құрмашев.

Ержановтың жаңа көркем фильмі ауылда қайтыс болған баланың тарихын баяндайды. Тергеуші Бекзат (актер Данияр Алшынов) істі тездетіп жауып тастағысы келеді, тіпті жергілікті полицейлер кінәліні де тауып қойған, ол –  ешкімге зияны жоқ Пукуар деген делқұлы  (Теоман Хос). Бірақ қаладан келген Ариана атты журналист (Динара Бақтыбаева) іске араласқан соң,  бәрі өзгереді. Тергеуші амалсыздан заң  бойынша нағыз тергеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болады. Бұрын-соңды болмаған жағдай.

Әділхан Ержанов сценарийді нидерландтық Ролоф Ян Миннебоомен бірлесіп жазды. Фильмнің халықаралық тарату продюсері – Ольга Хлащева, атқарушы продюсері – Серік Әбішев, операторы – ресейлік Айдар Шәріпов, қоюшы суретші –  Ермек Өтегенов. Фильмнің музыкасын атақты музыкант Ғалымжан Молданазар жазды.

Фильм бұрыс жолдан қайтып, өзіндік адами бейнесін қалыптастырған кейіпкер туралы. Бұл талай рет айтылып-жазылып жүрген классикалық оқиға, бірақ ол қашанда қызықты және бұл тақырып мені толғандырады. Мұны анти-детектив десе де болады. Басты мәселе кімнің адам өлтіргендігінде емес, бас кейіпкердің өзінің ішкі тартысын қалай шешкендігінде, – дейді Әділхан Ержанов өзінің фильмі туралы.

Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» фильмі 2019 жылдың 20-28 қыркүйегі аралығында өтетін 67-ші San Sebastian International Film Festival негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады. Бұл Short Brothers және Arizona Productions компанияларының қатысуымен Astana Film Fund компаниясы жасаған картинаның әлемдік премьерасы болмақ. San Sebastian International Film Festival – әлемдегі  «А» санатындағы ең көне кинофестивальдердің бірі (Канн, Берлин және Венеция ХКФ сияқты).